Астана. 5 тамыз. /Әсел Мәдәліқызы/ BM.KZ – Балқаш қаласының тұрғыны 8 жасар баланы ұрып-соғып, азаптады деген күдікке ілінді.
Зардап шеккен баланың анасы мәлімдегендей, күдікті – «Қазақмыс» компаниясының қызметкері. Оның сөзінше, ер адам ұлының саусақтарын сындырған. Сонымен қатар, басынан ұрып, денесін күйдірген.
«Екі баланың әкесі бола тұра, ол менің балама қатысты өз бетімен жаза қолданды. Бұл – заң тарапынан ең қатаң және әділ бағалауды қажет ететін әрекет», – деді анасы.
Ол істің жабылып қалуынан қауіптенеді. Себебі, күдіктінің полиция мен медицина мекемелерімен байланысы бар деп топшылайды. Сондықтан әйел отбасына қауіп төнуі мүмкін екенін айтады.
«Қазір моральдық соққыдан және күйзелістен толық айтып бере алмаймын. Адвокатпен бірге арыз дайындап болған соң, барлық деректі жариялаймын», – деді әйел.
Қазір заңгер жалдауға қаражат жинап жатқан көрінеді. Ал Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалады», – делінген департамент таратқан ақпаратта.
