Олимпиада чемпионы, боксшы Бақтияр Артаевқа Олимпиялық ойындардың ең техникалы боксшысына берілетін Вел Баркер кубогы қайтарылатын болды.
Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов айтты.
Жағымды жаңалық жетті. Көптен күткен жаңалық. Бақтияр Артаевқа алдағы айда Вэл Баркер кубогы табыс етіледі. Дәл қазір оның дубликаты дайындалып жатыр. Естеріңізде болса, 2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында Бақтияр Артаев осы жүлдесін ресми түрде Халықаралық бокс федерациясына тапсырған болатын. Сол кезде өте сапалы көшірмесі жасалып, өзіне берілетіні айтылды. Міне, сол уәде араға ұзақ уақыт салып, енді орындалайын деп жатыр, – деді әріптесіміз.
Оның айтуынша, 1936 жылдан бері әр Олимпиадада ең үздік боксшыға берілетін жүлде 2004 жылы қолдан қолға берілмейтін болған. Яғни, одан кейінгі жазғы Ойындарда жаңа кубок дайындалып, ең үздік боксшыға табыс етілетін болды. Ал 90 жылға жуық тарихы бар негізгі кубок Бақтияр Артаевтың еншісінде қалды. Содан кейін құнды сыйлық ұзақ келіссөздерден кейін Халықаралық бокс федерациясына берілді.