Астана. 26 желтоқсан. BM.KZ – Теннис әлеміндегі ең беделді турнирлердің бірі саналатын Уимблдонда өнер көрсеткен тұңғыш қазақ теннисшісі Бейбіт Жұқаев жаңа маусымға Новак Джоковичпен бірге бір кортта жаттықты.
Жыл сайынғы Қазақстан теннис федерациясының оқу-жаттығу жиынына Жұқаевтан бөлек Қазақстан құрамасының басқа да теннисшілері қатып жатыр. Атап айтсақ, Юлия Путинцева, Александр Шевченко, Дмитрий Попко және Денис Евсеев.
24 жастағы Жұқаев үшін бұл маңызды кезең. Қазіргі таңда ол ATP рейтингінде 280-орында, ал мансабындағы ең жоғары көрсеткіші – 2024 жылдың мамырындағы 171-орын. Новак Джокович сияқты шебермен бірге жаттығу жасау топ-200-ге қайта оралу жолында құнды тәжірибе болмақ.
Бейбіт Жұқаев Ақтау қаласының тумасы. Бұл қаланы теннис орталығы деп айту қиын. Бейбіт тенниспен айналыса бастаған кезде қалада тек хард корттар және жабық корттар ғана болған еді. Ол мансабында ең жақсы нәтижелеріне дәл осы корттарда қол жеткізіп жүр.
«Мен хард төсенішті корттарда ойнағанды ұнатамын. Шөпте көп ойнаған жоқпын. Бірақ ол жерде де өзімді жайлы сезінемін, ол менің ойын стиліме сай келеді», – дейді Жұқаев бір сұхбатында.
Айта кетейік, 2026 жылғы маусымды Бейбіт Жұқаев Аустралияда бастайды.
