Астана. 15 тамыз. BM.KZ — Ол жас заңгерлер жасағын құрып, «заңсыз әрі арам пиғылды жарияланым жасаған» адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғау жөнінде бүкіл Қазақстан бойынша сотқа талап-арызбен жүгінбек. Бұл туралы Руслан Берденовтің адвокаты Жеңіс Тыныбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Baimedia.kz бұған дейін адвокат Жеңіс Тыныбектің журналистерге қылмыстық жауапкершілік болуы мүмкін екенін ескерткенін жазған еді. Онда алдыңғы сот отырысынан бері кей бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан біржақты мазмұндағы хабар таратылып жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, журналистер кей мәлімдемелерді контекстен бөліп алып, мемлекеттік органдардың беделін түсіруге бағытталған ақпарат берген.
Бұл жолғы сөзі одан да зор шықты.
«БАҚ-тың кейбір өкілдеріне жеке айтқым келеді: сіздердің әрекеттеріңіз Қылмыстық кодекстің 410-бабына жатады. Біз ар-намыс пен абыройды қорғау бойынша арыз жазамыз. Қазір барлық жарияланымды жинап, дәлелдерді қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Одан кейін келісім алып, жас, амбициялы заңгерлерге үндеу тастаймыз да бүкіл Қазақстан бойынша талап-арыздар мен мәлімдемелер береміз. Осылайша пабликтер, масс-медиа және БАҚ тек тексерілген ақпаратты жариялау керектігін білетін болады», – деп жазды ол.
Сондай-ақ, оның пікірінше, шынайы көзқараспен қарасақ, барлық әрекет мемлекеттік органды, яғни Руслан Берденовтің атын қаралауға бағытталған. Осы жарияланымдардан кейін жұртта «ол біреудің әйелімен болды» дегендей ой қалыптасады. Ал шын мәнінде – бұл хайп. Мұның бәрі адвокаттың сенім білдірушісінің денсаулығына, моральдық жағдайына зиян тигізіп, кері әсер етіп жатыр.
«Сондықтан бұл тұрғыда айтарым, біз жұмыс істеп жатырмыз. Егер сенім білдірушім «иә, жігіттер, іске басамыз» десе, біз заңгерлер жасағын жинап, үндеу тастап, бұл мәселемен шұғылданамыз. Сотқа талап-арыз беріп, заңсыз әрі арам пиғылды жарияланым жасаған адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғау жөнінде арыз жазамыз», – деп ескертеді.
Сонымен бірге, кейіннен жаалпы бұл әңгіменің қайдан шығып жатқанын айтатынын хабарлады. Бұған дейін әкесімен кездескенін мәлімдеген еді. Сөзіне қарағанда, сол жерде көп нәрсе айтылған. Уақыт өте келе сол уәждің бәрі расталғанын жеткізді.
«Біз бұл сөздердің қайдан шыққанын, кімге не жазып, не айту керегін кім нұсқап отырғанын, қандай ықпалы барын жақсы білеміз. Оның лауазымын да, аты-жөнін де айтамыз. Мұның бәрі кейін белгілі болады» – дейді ол.
