Астана. 25 тамыз. BM.KZ — 2025 жылы 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі мәлімдеді.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 44,2%-ы Өзбекстаннан, 43,2%-ы Қытайдан, 5%-ы Түрікменстаннан, 2,7%-ы Монғолиядан, 2,4%-ы Ресейден және 2,5% басқа елдерден қоныс аударған.
Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді, және 2,7% білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін мынадай еңбек күші тапшы өңірлер анықталған: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Осы аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК
(59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде көмек беріледі.
