Биыл Қазақстанда жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 234 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда
Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияны қолдау мен ынталандырудың ағымдағы шаралары туралы баяндады.
Вице-Премьер Үкімет алдына инвестиция тарту бойынша ауқымды міндеттер қойғанын баса айтты.
➤ Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы аясында биыл республикада жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 234 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
➤ Бұл бағыттағы белсенділік еліміздің қарқынды экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие.
➤ 2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 22,1 трлн теңгеге жетеді, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық.
«Әрбір облыс әкімі мен салалық мемлекеттік органның министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселелерін жедел шешу бойынша шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірдің прокурорлары пулда тұрған жобаларды сүйемелдейді. Сондай-ақ 37 шетелдік компанияны Қазақстанға көшіру жұмыстары жалғасуда», — деді Н.Байбазаров.