Астана. 5 желтоқсан. BM.KZ — БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М. деген ер адамға қатысты үкім шықты.
Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, оған ҚР ҚК 125-бабы 3-бөлігі 2-1-тармағы (көрінеу кәмелетке толмаған адамды ұрлау), 121-бабы 4-бөлігі (күш қолданып және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау), сондай-ақ 120-бабы 4-бөлігіне (зорлау) сәйкес айып тағылды.
Сот талқысында анықталғанындай, биылғы 22 тамызда кешкісін Тасқала ауданы Тасқала ауылында ер адам жәбірленушінің кішкентай қыз екенін біле тұра, дүкеннен тәттілер сатып алып беріп, алдаған. Сосын адам жүрмейтін жерге алып шығып, заңсыз ұстаған. Ақыры жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмысқа барған.
Прокурор айыптауды толық қолдап, сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
— Сот үкім шығарған кезде М-ның бұрын ауыр қылмысы үшін сотталғанын, жаза мерзімінің өтелмегенін, оның әрекетінде қауіпті рецидив бар екендігін ескерді. Осылайша, сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.
