Бүгін әйгілі әнші, өнер зерттеушісі, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтың туғанына 75 жыл.
Жәнібек Кәрменов қазақтың халық әндерін орындаушылар мектебінің белді өкілі еді. Ол «Асыл мұра» телебағдарламасында қазақтың халық музыкасы жайлы терең сыр шертіп, Ақан, Біржан, Мұхит әндерін асқан шеберлікпен орындады. Оның орындауында Ақтамберді, Бұқар жырау, Шәкәрім шығармалары алғаш шырқалды.
Әнші сазгер ретінде де белгілі еді. Оның «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», Абайдың өлеңіне жазған «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» сынды әндері ұлттық өнерге қосылған өлмес мұраға айналды. Жәнібек Кәрменов КСРО Жазушылар одағының мүшесі атанып, қарымды қаламгер де болды.
Ол «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты көркем бейнеге бай прозалық кітап, орындаушылық шеберліктің қыр-сыры жайында 200-ден астам мақала жазды. Бірегей дарын иесі халық композиторларының өмірі мен олардың шығармашылық мұрасын насихаттауда, ән мәтіндерін қалпына келтіруде зор еңбек сіңіріп, тарихта аты алтын әріппен жазылған тұлғаға айналды.