Алты ай қыстан кейін көктемді асыға күтетініміз рас. Жер бусанып, тіршілікке жан бітіретін көктем бұл жолы Қазақстанның бірнеше аймағындағы тұрғындарды әбігерге түсіріп, бірін үй-жайсыз, бірін азық-түліксіз қалдырса, енді бірі жақын туыстарынан да айырылып қалды. «Сақтансаң, сақтаймын» деген қағидаға талаптарымыз сай келмей, су тасқыны салдарынан Атырау облысында төтенше жағдай жарияланып, ел-жұрттың қаңғырып кетуге таяғаны мәлім.
Дегенмен ағайын тату болса ат көп. Сындарлы сәтте бірі бас, бірі аяқ, бірі қанат болып, бір біріне демеу көрсете білген қазақ елі бірлігінің күшімен де бір сыналғандай. Қуантарлығы, ағайыны су кешіп жатқанда жер басып, емін-еркін жүре алмай, руы, жасы, жынысына қарамастан қол ұшын созғанына куә болдық. «Байтақ» жасылдар партиясының Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен кәсіпкерлер жиналып, Құлсары қаласының халқына материалдық көмек көрсеткен болатын. Жұмылып жақсылық жасауға атсалысқан «Кенжехан» базарының әкімшілігі, шағын және орта кәсіп иелері Атырау облысы Жылыой ауданында су тасқыны болған кезде көтерме бағамен есептегенде 90 млн теңгедей көмек беріп үлгерді.
Осы орайда елдің амандығын басты мақсат еткен парызы бір, мүддесі ортақ жасылдар партиясының Алматы қалалық офисында су тасқыны кезінде Жылыой ауданының жұртына қолдау көрсеткен шағын-орта кәсіпкерлерге партия атынан арнайы Алғыс хат тапсырылып, марапатталды. Бүгінгі күннің шынайы батырлары – жұрты қайғыға түсіп, шарасыздыққа ұшырағанда созылған қол, айтылған жылы сөз, алғаусыз адал ниет бола білген осындай азаматтар болса керек.
Baimedia.kz