Астана көшелерінің бірінде 10 күн бұрын кәріз құбыры жарылған. Жол құрылысын жаз басында бастаған мердігерлер құбырға зақым келтірген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Елорда тұрғындарының сөзінше, жағдайды толассыз жауған жаңбыр одан сайын қиындата түскен. Бүкіл кеңістікті су мен кәріз су басып, сасық иіс мүңкіп жатыр дейді.
«2 апта бұрын жаңбыр жауған кезде бұл иіс айналаға лезде жайылды. Мен осында 6-қабатта тұрамын. Балаларым үшін қатты қорқамын. Олардың бірі сонда құлап кете ме деп уайымдаймын”, – дейді тұрғын.
Тұрғынның сөзінше, мердігерлер осында лезде жол салып береміз деп уәде берген екен. Алайда қазылғанына бір айдан асса да, жұмыс баяу жүріп жатыр дейді.
Ал маманның айтуынша, шамамен құбырдың 200 метріне зақым келген. Сондай-ақ топырақ қабаттарын алу кезінде құбырлар ауыр техниканың әсерінен бүлінген. Алайда мердігерлер бүлінген жерді жөндемей, құбырды одан әрі құртқан.
“Зақымдалған құбырдан да, сырттан жауған жауынның салдарынан да траншея түгелдей суға толып, шұңқырға айналған. Барлық құбырлар жер бетіне қалқып шығып, кішкене зақымдалған жердің кесірінен ұзындығы шамамен 60-100 метр бөлігі жарамсыз болып қалған. Бұл аумақ енді жөндеуге келмейді. Жалғыз әдіс – аумақты ауыстыру. Олар құрылыс жасау ережелерін ұстанып, мұқият жұмыс істеген кезде, мұндай мәселелер туындамас еді”, – деді сарапшы Абзал Сәдуақасов.
Өндірушілердің айтуынша, құбыр 16 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеген. Егер құрылысшылар қолын тигізбесе, ол өз қызметін атқара берер еді.
“Мұнда небәрі 200 метр құбыр зақымдалған. Қалған 3 шақырымы жұмыс істеп тұр. Екіншіден, құрылыс жұмыстары басталғанға дейін құбырлар жұмыс істеп тұрды. Оларға ешқандай шағым болған жоқ. Құбыр сонда қазір көміліп жатыр, яғни, құбыр бұзылмаған жерде ол да жұмыс істейді”, – дейді “AmitechAstana” ЖШС бас директоры Дмитрий Махеня.
Тұрғындардың айтуынша, оларға жаңа оқу жылы басталмай тұрып жолды асфальттап беруге уәде еткен. Енді жөндеу мерзімі ұзартылатын болды.
Әкімдіктің сөзінше, мердігер зардаптарды жоюға тырысып жатыр.
“Қазіргі таңда коллектор қалпына келтірілді. Зақымдалған құбырды ауыстыру және топырақпен толтыру жұмыстары жүргізілді”, – деді Астана қаласының көлік және жол көлігі инфрақұрылымын дамыту саласының бас маманы Дастан Қазбеков.