Астана. 9 қаңтар. BM.KZ — Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі іске асырып келеді.
Комитеттің мәліметінше, былтыр полиция органдарымен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен 20 қылмыстық топ өкілдерінің әрекетінің жолы кесілді.
— Кісі өлтіру, бопсалау, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау деректері бойынша 70-тен астам адам ұсталды. Олардың қатарында қазақстандық және шетелдік құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген тұлғалар да бар, — делінген ақпаратта.
Тергеу барысында 30 атыс қаруы мен 11 жарақат қаруы, сондай-ақ қаражат тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары жалғасуда.
