Астана. 22 қазан. BM.KZ – Үкімет 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін ұсынды. Дамудың басым шараларына 1,4 трлн теңге қайта бөлінді.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылға арналған бюджеттің негізгі бағыттарын баяндады.
«Бюджет параметрлері келесідей қалыптасты. 2026 жылға түсімдер 23,1 трлн. теңге деңгейінде болжануда. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, кірістер 19,2 трлн теңгені құрайтын болады. Экономиканың өсіміне, Жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты, ағымдағы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 трлн. теңгеге ұлғайып отыр. Бұл, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына алып келетін болады», – деді министр.
Оның айтуынша, бюджет шығыстары 27,8 трлн теңгені құрап отыр.
«2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай ол 0,9%-ға дейін төмендеу болжанып отыр. Бұл бюджеттік тәртіпті нығайтуға және борыштық жүктемені азайтуға алып келеді», – деді Такиев.
Министрдің айтуынша, құжат Бюджет кодексіне сәйкес, 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде дайындалған.
«Бірлескен жұмыстың нәтижесінде бюджет қаражаты қайта бөлінді. 30 млрд. теңге – өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталған болса, шамамен 4 млрд. теңге – бірінші кезектегі шығыстарды қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар, дамудың басым шараларына 1,4 трлн. теңге сома қайта бөлінді», – деді ол.
Мәди Такиев бюджетті қалыптастыру процесі биыл ең жауапты және күрделі кезең болғанын атап өтті.
«Бұл нәтижеге және тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексін қолдану аясында, қалыптастырылған бірінші бюджет болып отыр», – деді министр.
Қаржы министрінің айтуынша, бюджет әлеуметтік бағытта қала береді.
«2026 жылы 10,7 трлн. теңге бөлу жоспарлануда, оның ішінде 6,8 трлн. теңге – әлеуметтік төлемдерге, ал 3,9 трлн теңге – адами капиталға салынатын инвестицияларға қарастырылған», – деп атап өтті ол.
Такиевтің айтуынша, әлеуметтік саладағы маңызды шешімдердің бірі – әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін енгізуді бастау және проактивті форматқа көшу.
«Бұл адами факторды азайтуға, бюрократияны қысқартып, көмек көрсетуді жеделдетуге алып келеді», – деді министр.
