– Құрметті Президент Тоқаев мырза, Сізбен кезекті рет кездескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, Сізге Төраға Си Цзиньпиннің шынайы сәлемі мен ізгі лебізін жеткізгім келеді. Қытайда жыл сайын өтетін Боао Азия форумына қош келдіңіз! Сіздің осы жиынға қатысуыңыз қытай-қазақ байланыстарын дамытуға ерекше мән беретініңізді және форум жұмысына зор қолдау көрсететініңізді білдіреді. Жуырда еліңіз көктемнің дәстүрлі мейрамы – Наурызды тойлады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді және достас Қазақстан халқын осы мерекемен құттықтаймын. Былтыр Төраға Си Цзиньпинмен Сианьда және Бейжіңде екі рет кездестіңіз. Екіжақты қарым-қатынасты дамыту жөніндегі жаңа әрі ауқымды жоспар айқындалды. Қытай тарапы мемлекеттер басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды іске асыру, саяси сенімді нығайту және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету үшін қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деді Чжао Лэцзи.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары жан-жақты талқыланды, сондай-ақ көлік, өнеркәсіп, туризм және басқа да салалардағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қарастырылды.