Астана. 17 желтоқсан. BM.KZ — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заң екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Заң жобасы қызметтік міндеттерін орындау кезінде медицина қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушілерін күш көрсетуден және қатыгездік танытудан қорғаудың құқықтық негіздерін жетілдіруге бағытталған. Құжат 2025 жылғы 26 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.
— Заң жобасы 26 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды. Негізгі жаңалық – Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бабын енгізу. Бірінші оқылым барысында және жұмыс тобында қызу талқылаулар болды, маңызды ұсыныстар айтылды. Жұмыс тобында осы ұсыныстарды ескере отырып, екінші оқылымға дейін заң жобасын пысықтап, біршама өзгеріс енгізді. Ең басты өзгеріске тоқталсақ, «күш қолдану», яғни зорлық-зомбылық пен «қорқыту» ұғымдарын ажыратып, оларға берілетін жазаны бөлек қарастырдық, — деді депутат Асхат Аймағамбетов.
Осыған байланысты, қылмыстық әрекеттерді дұрыс саралау мақсатында «қорқыту» бойынша жаза түрлері біршама жеңілдетілді:
— айыппұл мөлшері 500 АЕК емес, 200 АЕК-тен басталады;
— қоғамдық жұмыстар 600 емес, 300 сағатқа дейін төмендеді;
— ал бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы 3 жыл емес, 2 жылға дейін қысқартылды.
— «Медицина қызметкеріне күш қолдану», яғни нақты зорлық-зомбылық жасау бойынша санкциялар қатаң күйінде сақталады. Біз қолында қаруы жоқ, тек шипалы алақаны мен біліміне сенген дәрігерді қорғауға міндеттіміз. Ашығын айтқанда, бұл заң жобасы тек дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері туралы емес. Бұл заң жобасының түпкі мәні – дәрігердің жеке басы емес, ұлттың денсаулығы. Бұзақының кесірінен қолы сынған хирург – жасалмай қалған мыңдаған ота деген сөз. Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі – жүздеген шұғыл шақыртуға бармай қалған бүтін бір бригада деген сөз. Сондықтан, дәрігерді қорғау дегеніміз – әрбір қазақстандықтың денсаулыққа кепілдігін қорғау, — деді депутат.
Парламент Мәжілісінің мәліметіне қарағанда, Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер аясында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолдану немесе күш қолдану қаупін төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 380-3-бап енгізіледі.
Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы ұсынылады. Егер ауыр әрекет жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі.
Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
