Қазақстандық шахматшыларды ұлттың интеллектуалдық қазынасы қатарына қосатын уақыт жетті. Жанкүйерлер олардың халықаралық аренадағы жеңістеріне әлдеқашан үйреніп алған. Содан болар, Бибісара Асаубаеваның FIDE Women’s Grand Swiss 2025 турниріндегі кезекті триумфы жанкүйерлерді таңғалдырған жоқ.
Бір анығы, шахмат Қазақстанда спорттан да үлкен құбылысқа айналып, мемлекет басшысының жіті назарында тұр. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетаудағы шахмат үйіне барды. Айтпақшы, ол бұрынғы президент резиденциясында орналасқан. Ал дәл осы күндері Алматыда балалар арасындағы шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Осының бәрі Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті, халықаралық гроссмейстер, Қазақстан чемпионы Дәрмен Сәдуақасовпен сұхбатымызға арқаум болды. BM.KZ тілшісімен болған әңгімесінде ол жас шахматшыларымыздың әлемді бағындыруға қалай дайындалып жатқанын, ерлер құрамасының әлеуетін, биыл мектептерде шахмат пәнін енгізу және жоғары оқу орындарында шахмат мұғалімдерін даярлау жайын баяндап берді.

— Қазақстан әйелдер шахматының табысының феномені неде? Ол қалай қалыптасты?
— Әйелдер шахматының феномені туралы айтар болсам, біздің шахмат өте жоғары қарқын көрсетіп келеді. Соңғы жылдары біз айтарлықтай үлкен жетістіктерге жеттік. Соңғы дүниежүзілік Олимпиадада Будапештте біздің ұлттық әйелдер құрамасы әлемде екінші орынға шықты. Одан бір жыл бұрын Польшада өткен әлем чемпионатында да екінші болдық.
Мұндай жетістіктің негіз болған құраманың жаңаруы дер едім. Бізде өте жас, өте мықты құрам жасақталды. Жетекшіміз анықталды – ол Бибісара Асаубаева. Командамызды соңынан ертіп келеді. Құраманың ішінде бәсекелестік бар. Қазір ұлттық әйелдер құрамасына кіру үшін шамамен 10 спортшы таласып жатыр. Бірақ құрамға тек бесеуі ғана өтеді. Барлығы да жетістіктерге жеткен, тұрақты түрде жаттығады, дамып келеді. Осы тұрғыда құрамдағы атмосфера ұнайды. Барлығы алға ұмтылады және біздің әйелдер құрамасы әлемдегі ең үздіктердің бірі болатынына сенімді. Оның үстіне, біздің команда ең жас құрам саналады.
— Жансая Әбдімәліктің карьерасын аяқтағаны рас па? Қазір немен айналысып жүр?
— Ол карьерасын ресми түрде аяқтаған жоқ, біздің білуімізше. Өйткені ондай ресми мәлімдеме болған жоқ. Жансаяның ана атанғанын білеміз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құттықтап қойғымыз келеді. Бәріміз оған шын жүректен қуаныштымыз. Шахматқа өмірінің көп жылын арнаған кез келген адам секілді, Жансаяның да қайтып оралуы мүмкін екеніне сенімдімін. Шахмат жүректе орнайды, әрқашан тартып тұрады. Сондықтан Жансаяның көп ұзамай шахмат тақтасының басында қайта отыраарына таңғалмаймын. Әрине, ең алдымен бабына келу керек. Осындай үзілістен кейін дайындыққа, жаттығуға уақыт бөлу қажет. Бірақ Жансаяның талантына қарасақ, бәрі мүмкін. Сол себепті біз оның қайта оралуын күтеміз.

— Ерлерден де сондай нәтижелерді қашан күтуге болады? Бізге белгілісі, Шахмат федерациясы 10 жастан бастап ұлдармен үлкен іріктеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағытта қандай жетістіктер бар? Жасөспірімдер арасында болашақ жұлдыздар бар ма?
— Ерлер шахматына келсек, бұл жерде бізде түрлі міндет бар. Ең алдымен, ерлер шахматы әлемде шынымен бәсекеге қабілетті болуға тиіс деп санаймыз. Бүгінде біздің ерлер құрамасы әлемнің 180 елінің ішінде тұрақты түрде үздік 30-дыққа енеді. Міндет – үздік ондыққа шығу. Осы бағытта құраманы жасарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазірдің өзінде гроссмейстер атағын алған жас жігіттеріміз бар. Олар – Қазбек Нөгербек, Алдияр Аңсат, Эдгар Мамедов. Сәл тәжірибелілеу спортшыларымыз да бар – Денис Махнев, Әлішер Сүлейменов. Бұдан бөлек өсіп келе жатқан жастар да бар. Олар шамамен 15-17 жастағы балалар. Осы тұрғыдан Шахмат федерациясы жас дарындарды қолдау аясында іріктеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жыл сайын біз 45 грант бөлеміз – алтын, күміс, қола түрінде. Бұл гранттар балалардың дамуы үшін барлық жағдайды қамтамасыз етеді. Әсіресе, алтын пакеттер шынымен де теңдессіз. Мұнда балаға ең үлкен мүмкіндіктер беріледі: оқу-жаттығу жиындары, халықаралық сапарлар, үздік бапкерлермен жұмыс, компьютер сатып алу. Тіпті спорттық дайындық – яғни физикалық және психологиялық жаттығулар да қарастырылған.
Әрине, біз ең кішкентай жастағыларға да – 8, 10, 12 жастағы балаларға назар аударамыз. Ол жерде де біраз жаңа есім бар. Қазір Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионаты жас дарындарға өз қабілеттерін көрсетуге тамаша мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан атынан бұл жарыста 200-ден астам бала шықты. Бұл – 85 елден 800-ден астам қатысушы жиналатын ең беделді балалар жарысында ойнаудың керемет мүмкіндігі.
Өткен жылы Италияда дәл осындай чемпионатта 8-ден 12 жасқа дейінгі санаттарда біздің құрама бейресми түрде жалпыкомандалық бірінші орынды иеленген еді. Әрине, біздің балалар әлемдік деңгейде өзін мойындатты.

— Біздің жастардың шахматқа келуі артып келеді, ойын барған сайын танымал болып барады. Шахмат ойнау сәнге айналды деуге бола ма?
— Иә, шахмат ойнау сәнге айналды. Шахмат дегеніміз ойлай білу қабілеті, сыни тұрғыдан ойлай білу, шешім қабылдап, оған жауап беріп, жауапкершілікті арқалау. Сонымен қатар, табысты болып, шынымен де ғаламдық деңгейде жетістіктерге жету. Қазіргі ақпарат ағыны, әлеуметтік желілердің ықпалы жағдайында балада клиптік ойлау қалыптасуы мүмкін. Міне, шахмат осыған лайықты жауап болып отыр. Сол себептен білім беру жүйесінде шахмат бағдарламаларының дамуы бекер емес.
— Сіз Қазақстандағы мемлекеттік жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – шахматты жалпы білім беретін мектептерге факультативтік пән ретінде енгізуді айттыңыз. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?
— Бүгінгі таңда шахмат жалпы білім беретін мектептерге вариативті компонент ретінде енгізіліп жатыр. Қазақстан шахмат федерациясы осы үдерістің қатысушыларының бірі болып отыр. Біз серіктестерімізге – Оқу-ағарту министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, жергілікті білім басқармаларына алғыс білдіреміз.
Осы оқу жылында шамамен бір жарым мыңға жуық мектеп осы бағдарламамен қамтылады деп күтіледі. Бұл – шамамен 70 мың бала. Министрліктермен, басқармалармен бірге тиісті педагогтарды даярлап жатырмыз. Елдің 5 аймағындағы 5 педагогикалық жоғары оқу орнында дипломды мамандарды дайындау бағдарламасы басталды. Биылдан бастап шахмат мұғалімдерін даярлау іске қосылды. 200-ден астам студент осы мамандық бойынша білім алып жатыр. Бұл бізге дипломды мамандарды даярлап, педагогикалық университетті аяқтаған соң мектептерге шахмат пәнінің мұғалімі ретінде жолдауға мүмкіндік береді. Уақыт өте келе бұл бағдарлама ауқымдырақ болады. Бүгін 200-ден сәл асатын студент бар, ал болашақта мыңдаған педагог қажет болады.
Қазіргі таңда белгілі бір жүктеме бастауыш сынып мұғалімдеріне түсіп отыр. Шахмат ойнай білетін, оған үлкен қызығушылық танытқан ұстаздар бар. Олар біздің біліктілікті арттыру бағдарламамызға қатысады, оны аяқтаған соң мектептерде сабақ бере алады.
— Оффлайн-турнирлерден бөлек, онлайн-шахмат та танымалдыққа ие. Сіздің Chess Legends стартапына қатысыңыз бар. Жобаға қалай атсалысып жатырсыз және ол қазір қалай дамып келеді?
— Күн сайын шахматшылар онлайн ойнайды. Тек бір ғана платформаның өзінде шамамен 9 миллион партия ойналады деп есептеледі. Әлем бойынша жалпы алғанда тәулігіне 15 миллионға жуық партия өткізіледі. Біздің Chess Legends стартапы – білім беру стартапы. Ол балаға өздігінен үйренуге мүмкіндік береді. Жоба Гарри Каспаровтың бапкері Евгений Владимировтың жетекшілігімен қазақстандық мамандар әзірлеген бірегей әдістемеге негізделген. Оның ішінде әлем чемпиондарының бейнесабақтары бар. Олар – Владимир Крамник, Борис Гельфанд және басқа да бірқатар белгілі гроссмейстерлер, оның ішінде өзім де бармын. Сондай-ақ, мыңдаған іріктелген жаттығу қамтылған. Мұның бәрі жеке форматта тиімді оқуға мүмкіндік береді. Бүгінде Chess Legends қолданбасы бүкіл әлем бойынша ондаған мың рет жүктелген.
— Қазақстан шахмат федерациясына мемлекет қандай қолдау көрсетеді?
— Біз серіктестерімізге үлкен алғыс айтамыз. Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатын әкімдік қолдап отыр, 85 елден келген балаларға экскурсиялар ұйымдастырамыз. Әлеуметтік желілердегі рилстер, фотолар мен жазбалар түрлі елдерде көрініп, балалар еліміздің туристік әлеуетін насихаттайтын елшілерімізге айналады деп сенемін.
Бүкіл өңірде дерлік жарыстар өткіземіз, барлық жерде жергілікті әкімдіктер қолдау көрсетіп отыр. Алматы облысында, ШҚО-да және Ақтөбеде ересектер арасындағы Қазақстан кубогін ұйымдастыруға көмектескен жергілікті билікке ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Балалар кубогінің 6 кезеңін өткіздік.
Ең алдымен, шахматты дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекіткені үшін үкіметке алғыс айтқымыз келеді. Мемлекет басшысы тарапынан тұрақты назар бар. Жақында ол Көкшетаудағы шахмат клубына барып, федерация президенті Тимур Турловпен кездесті.
— Сіз алғашқы қазақ гроссмейстері болдыңыз ба?
— Жоқ, мен бірінші қазақ гроссмейстері болған жоқпын, менен бұрын да гроссмейстерлер болған. Бұл тұрғыда Қазақстанда ежелден қалыптасқан дәстүр бар.
— Қазіргі шахматшылардан кімді ерекше атар едіңіз?
— Біз бәріміз Магнус Карлсеннің дарынын қатты құрметтейміз, ол – феномен. Ол шын мәнінде бәрінен мықты екенін дәлелдеп отыр. Қарсыластары компьютермен дайындалғанына қарамастан, бәсекелестіктің күштілігіне қарамастан, ол бәрібір үздік. Тарихи тұрғыдан оны Гарри Каспаровпен, Бобби Фишермен салыстыруға болады. Қазіргі шахматта Карлсен – айрықша құбылыс.

— Сізге ұлы шахматшылардың қайсысымен ойнауға тура келді? Ең қызықты партияларыңызды атап өтсеңіз?
— Мен Анатолий Карповпен ресми матч ойнадым. Тағы бір ұлы шахматшы Виктор Корчноймен де кездестім. Гарри Каспаровпен екі партиядан тұратын мини-матч өткіздім, ал Магнус Карлсенмен Шымбұлақта блицте достық партия ойнадық, айтпақшы, тең түстік. Василий Иванчукты жеңдім. Жалпы алғанда, карьерам барысында үнемі әйгілі шахматшылармен кездесіп отырдым.
Ең қызықты партия – қара фигуралармен Василий Иванчукқа қарсы жеткен жеңісім. Соңғы позицияда менде тек пешкалар ғана қалды, ал қарсыласымда ладья, ат және пешка болды. Соған қарамастан мен бұл партияны жеңіп, қарсыласым берілуге мәжбүр болды. Шахмат әуесқойлары бұл комбинацияның эстетикасын жоғары бағалады. Әрине, ферзьді құрбан еткен Карповқа қарсы жеңісімді де атап өтемін.
Сұхбаттасқан Темірлан Құсбаев,
Астана
BM.KZ
