Астана. 27 тамыз. BM.KZ — 2024 жылы өндірілген жалпы ішкі өнімнің көлемі нақтыланған деректер бойынша 136,7 трлн теңгені құрады. Оның шамамен 16,7%-ы бақылаусыз экономикаға тиесілі, бұл көрсеткіш ұзақ уақыттан бері төмендеу үрдісінде. Алайда оның құрылымында «заңсыз экономика» да бар, ал оның үлесі 2024 жылы артқан. Бұл туралы Halyk Finance инвестициялық компаниясының зерттеуінде айтылған.
Сараптама мәліметіне қарағанда, мемлекет бұл мәселемен күресіп келеді, дегенмен әлеуметтік маңызы бар салаларда ол әлі де айтарлықтай деңгейде сақталып отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы алаңдатады. Мұнда 2017 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі екі есеге көбейген.
«2024 жылы Қазақстандағы бақылаусыз экономиканың үлесі ЖІӨ-нің 16,71%-ын құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,87 пайыздық тармаққа төмендеген. Ал оның құрылымындағы заңсыз экономиканың үлесі, керісінше, 2023 жылғы 1,12%-дан 1,18%-ға өсіп, соңғы төрт жылдағы тұрақты төмендеуді тоқтатты», – деп жазылған сараптамада.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бақылаусыз экономиканың басым бөлігі тауар өндірісіне тиесілі (69%), ал қызмет көрсету саласындағы үлесі – 31%. 2024 жылы бақылаусыз экономика айтарлықтай шоғырланған негізгі секторлар: сауда (ЖІӨ-нің 2,97%), құрылыс (2,07%), денсаулық сақтау (2%) және ауыл шаруашылығы (1,73%).
Заңсыз экономика төрт салада тіркелген: ауыл шаруашылығы (ЖІӨ-нің 0,13%), өңдеу өнеркәсібі (0,35%), сауда (0,26%) және басқа да қызмет түрлері (0,44%).
«2017 жылдан бері бақылаусыз экономиканың үлесін ең көп қысқартқан салалар – қаржы және сақтандыру ісі, көлік, сауда, тау-кен өндірісі, электр және сумен жабдықтау, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет болған. Бұл салаларда көрсеткіш екі еседен астам азайған. Дегенмен, денсаулық сақтау саласында бақылаусыз экономиканың үлесі екі есеге өсіп, 2024 жылы ЖІӨ-нің 2%-ын құраған. Сонымен қатар, тағы бір әлеуметтік маңызды сала – білім беруде 2017 жылдан бері айтарлықтай жақсармаған», – деп жазылған зерттеуде.
Аймақтық тұрғыда көлеңкелі экономиканың ең жоғары үлесі Алматыда (ЖІӨ-нің 3,92%), Астанада (2,07%) және Қарағанды облысында (1,05%) байқалған. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында (0,16%), Солтүстік Қазақстан облысында (0,30%) және Абай облысында (0,37%) тіркелген. Бұл ірі қалалардағы ауқымды ішкі сауда және құрылыс жұмыстарының көптігімен байланысты.
