Астана. 16 қаңтар. BM.KZ — Бүгін Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Шардара ауданы Қоссейіт ауылында өз әкесін ұрып-соғып, қинаған 41 жастағы Алмас Садақбаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот оны «Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптарымен кінәлі деп таныды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінген.
Айта кетейік, 41 жастағы Алмас Садақбаевқа 70 жастағы мүгедек әкесін тірі кезінде бірнеше рет ұрып-соғып, қинады деген айып тағылған. Ол өткен жылдың тамыз айында мүгедек әкесін кемінде үш рет соққыға жыққан. Тергеу дерегінше, қарт әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, оған күш қолданған. Қатігез әрекеттер көрші үйдің қыздары тарапынан жасырын түрде видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желіге тараған.
