Ұлттық банктің халықаралық резервтері елге небәрі 7 айға ғана жетеді екен.
Елдің тағдырын, экономиканың қуатын көп жағдайда «өнімділік» шешеді. Дамыған елдердің бәрі де өнімділігі жоғары, ғылымы жетілген елдер.
Президент белгілеген «жаңа экономикалық өсімді» қалыптастыру үшін Үкімет барлық салада өнімділікті арттыруы шарт.
Мысалы, бұрын республиканың басты бағдары болған «Қазақстан-2050 Стратегиясында» республикадағы еңбек өнімділігін бірден 5 есеге – құжат қабылданған 2012 жылғы 24,5 мыңнан 2050 жылға қарай 126 мың долларға дейін арттыру міндеті қойылды. Бұл бағытта мемлекет қаншалықты ілгері жылжи алды?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, арада он жыл өткенде, 2022 жылы тұтас экономика бойынша еңбек өнімділігі 1 жұмысшыға шаққанда 10 млн 83,2 мың теңге немесе сол кездегі бағаммен небәрі 21 317 доллар ғана болды.
Статбюроның биылғы 29 сәуірде жариялаған есебіне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысында жалпы экономикадағы еңбек өнімділігі 1 жұмысшыға шаққанда 11 миллион 461,4 мың теңгені құрады. Бұл 25,5 мың доллар ғана.
Яғни, еңбек өнімділігі 2022 жылмен салыстырғанда, 4,6% өскенімен, бәрібір ХХІ ғасырдың басындағы, 2012 жылғы көрсеткіштен алысқа ұзап кете алмады. 126 мың долларлық меже алынбас асуға айналып тұр.
Дүниежүзілік банк еңбек өнімділігіне қатысты басқа бір мәселеге назар аудартып отыр. Қазақстанда кейінгі онжылдықта, яғни 2010-2022 жылдары «өндіріс факторларының жиынтықты өнімділігінің» өсімі – нөлден (!) төмен болды. Басқаша айтқанда, өсім орнына кері кеткен, минус 0,7%-ға құлдырады. Соның алдында, 2000-2007 жылдары 4,3% өсім тіркелген еді. Содан бері тоқырау басталып, әрі қарай жалғасуда.
Салыстырсақ, Қазақстанмен ұқсастығы бар экономикаларда, соның ішінде Австралияда өткен онжылдықта өндіріс факторларының жиынтықты өнімділігі – 1,3%-ға, Канадада – 2,3%-ға, Кореяда – 3,3%-ға жоғарылады.
Дүниежүзілік банк тобы әзірлеген, «Ертеңгі күнді қалыптастыру: ұзақ мерзімді өркендеуге арналған реформалар» аталған Қазақстан экономикасы туралы есебінде осындай мәлімет келтіріледі.
Осылайша, жаһандық қаржы институтының сарапшылары Қазақстанның қауқар-қуатын жоғары бағалай алмады. Алдағы кезеңге болжамы да тұнжыраңқы.
«Республиканың ағымдағы операцияларының шотында, болжам бойынша 2024 жылы ЖІӨ-нің 3%-ы, 2025 жылы – 2,3%-ы деңгейінде тапшылық қордаланады. Импортқа деген сұраныстың артуы, мұнай бағаларының төмендеуі аясында экспорттан түсетін түсімдердің азаюы 2023 жылы ағымдағы операциялар шотында шамамен 3,3% мөлшерінде тапшылықтың туындауына соқтырды. Қазақстанның Ұлттық банкінің жиынтықты халықаралық резервтері бүгінде елдің сырттан сатып алатын импортының 7 айлық көлемін өтеуге ғана жетеді», – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк тобы.
Оның сарапшылары мемлекеттің қарызын өтеу құны да тоқтаусыз артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Олардың пайымдауынша, бұл ел Үкіметінің ішкі пайыздық ставкаларды түсіре алмауы кесірінен толығымен дерлік сыртқы қарыз көздеріне тәуелді болып қалғанын көрсетеді.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикасына төніп тұрған қауіп-қатерлерді атады.
«Қазақстанның экономикалық өсу перспективасына кері ықпал етіп, оны құлдыратуы мүмкін бірнеше тәуекел бар. Оларға ішкі де, сыртқы да факторлар серпін береді. Ресей мен Украина соғысының жалғасуы және соның кесірінен Қара теңіз аймағындағы шиеленістің артуы Қазақстанның басты экспорттық тауары – мұнайдың «Каспий құбыр консорциумының» құбырлар жүйесі арқылы экспортталуында алда үзілістердің, дағдарыстардың туындауына әкелуі ықтимал. Республиканың көмірсутек секторына тәуелділігін ескерсек, мұның экономикалық және бюджеттік салдарлары аса салмақты болады», – деді Дүниежүзілік банк сарапшылары.
Тағы бір қауіп кен орындарына төнуі ғажап емес. «Ірі мұнай-газ кен орындарындағы техникалық қызмет көрсету бойынша жоспардан тыс кез келген ұзақ жұмыстар, Теңіз кен орнын игерудегі тосын бөгелістер» өндірістің қысқаруына және елдің экономикалық өсім қарқынын жоғалтуына апарып соғады.
Тағы бір тәуекел ретінде теңгенің құнсыздануы аталды. Ертең, 7 мамырда Ресейдің қайта сайланған Президенті Путиннің инаугурациясы өтеді. Содан кейін солтүстік көрші рубльді жасанды түрде ұстап тұруды доғарып, бірте-бірте еркіне қоя беруі ғажап емес. Бұрынғы жылдардың тәжірибесін ескерсек, бұл Қазақстанның ұлттық валютасының девальвациялануына да түрткі болады. Ол өз кезегінде республикадағы қымбатшылықтың одан әрі күш алуына, инфляцияның шарықтауына жаңа өріс ашады.
Дүниежүзілік банк тобының сарапшылары «сыртқы қысымның болжап болмайтын өзге де факторлары» болуы мүмкін екенін еске салды.
«Оның үстіне Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысқа қатты тәуелділігін ескерсек, Батыс тарапынан Қазақстанға қайталама санкциялардың енгізілу қаупі сол бұрынғыдай мазасыздық туғызады. Бұл өз кезегінде нарықтағы, бизнестегі сенімділікті төмендетеді, шетелдік тікелей инвестициялардың келуіне тежеу болады, экономиканың өсімін шектейді», – деді ДБ тобы сарапшылары.
«Сынасаң, шығар жолын айт» деген бар, осы орайда халықаралық ұйымның елімізге арналған есебінің тұтас бөлімі жүргізілуге тиіс реформаларға арналған.
Бұл ретте The World Bank-тің әлеуметтік, қалалық, ауылдық даму және орнықтылықты қамтамасыз ету салаларындағы жаһандық тәжірибе департаментінің жетекші экономисі Сомик В.Лаллдың айтуынша, Қазақстан Үкіметі адами капиталды дамытуға, өнімділікті арттыруға, жасыл экономикаға көшуді және экологияны жақсартуды жеделдетуге баса мән бергені маңызды.
Мысалы, адами капиталды күшейту үшін білім сапасын көтеру, білім мен ғылымға қолжетімділікті арттыру, өмір бойы оқу, яғни замана талабына сай қайта маманданып отыру ұстанымын ілгерілету қажет. Осы және басқа шаралар халқы аз елді білікті еңбек ресурстарымен қамтиды және инновацияларға бастайды.
Еңбек өнімділігі мен динамизмді арттыру – экономикадағы құрылымдық кемшіліктерді жоюды, жемқорлықпен, олигополиямен, монополизммен іс жүзінде және пәрменді күресуді, барлық секторда бәсекелестікті ілгерілетуді, қолайлы бизнес-климат жасауды, кәсіпкерлік пен инвестицияларды ынталандыруды талап етеді.
«Қазақстанның көмірсутекке шектен тыс тәуелділіктен арылып, декарбонизацияланған болашаққа өтуі энергетикалық балансты әртараптандыруды, жаңғыратын қуат көздерін дамытуды, көміртек ізін қысқарту үшін орнықты тәжірибелерді енгізуді қарастырады. Ел төмен көміртекті болашаққа жаңа бағдарын қалыптастыра алса, орнықты өсім мен өміршең даму жолына түсе алады. Мұнда сарабдал салық пен бюджет саясаты маңызды рөл атқарады және басты бір құралға айналады. Дұрыс реформалар мен басты міндет-мақсаттарға күш-жігер шоғырландырса ғана Қазақстан гүлдену мен орнықты болашақ жолына тұра алады», – деді Сомик В. Лалл.
Дүниежүзілік банк тобының осы ауқымды құжатына елімізде алғашқы болып, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев назар аудартты. Спикер оны «өте қызықты зерттеу» деп бағалады.
«Дүниежүзілік банк тобының баянжазбасында экономикамыздың, бизнестің ахуалы терең талданған, проблемалары нақты атап көрсетілген. Мәселен, кейінгі 10 жыл бойы, яғни 2012 жылдан 2022 жыл аралығында Қазақстанда өндіріс факторларының өнімділігі мүлдем болмағанын білдік. Бұл дегеніміз, отандық экономиканың өнімділігі «нөл» болды деген сөз! Өнімділік – көп нәрсені шешетін өте күшті көрсеткіш. Алайда бізде, шындығын айтқанда, экономика әзер дегенде су бетінде қалқып, батып кетуге шақ тұр. Бәлкім, бірқатар бағытта өсім мен кеңею болған шығар. Бірақ оның тиімділігі де, өнімділігі де жоқ. Баянжазбада соны дәлелдейтін тиісті цифрлар келтірілген», – деген Сенат төрағасы ел Үкіметі осы деректерді зерделеуге тиістігін нұсқады.
М.Әшімбаев ел біле бермеген тағы бір жайтқа назар аудартты.
«Екіншіден, онда өте қызықты бір талдау беріледі, оған сәйкес, соңғы он жылда бізде капитал салымы, яғни негізгі құралдарды сатып алуға шығыстар құлдыраған екен. Капитал салымы ЖІӨ-ге шаққанда 26%-дан 23%-ға дейін төмендеп кеткен. Тиісінше, бизнес те өз кәсіпорындарына капиталды салым салуды доғара бастаған. Мемлекеттің үлесі бар ірі кәсіпорындар да сол қатардан табылды. Ендеше сапалы даму туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?», – деді спикер.
Үшіншіден, М.Әшімбаев отандық бизнесті мемлекеттік қолдауға халықаралық сарапшылардың нашар баға бергеніне көңіл бөлді. ДБ тобы эксперттерінің тұжырымдауынша, бір жағынан ел Үкіметі кең ауқымды қолдау шараларын жариялайды. Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына триллион теңге бөлді.
Екінші жағынан, мемлекеттік қолдау тетіктерінің икемді болмауы кесірінен, кәсіпкерлердің көпшілігі оның игілігін көре алмайды. Бюджеттік қаражат тасқыны аз шоғыр бизнес топтарында шөгеді.
«Ауыл шаруашылығына субсидиялар, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына миллиардтар, басқа да икемді емес мемқолдау елімізде «зомби-компаниялардың» қаптауына соқтырды. Олар «тірі өлік» сияқты, мемлекеттің салымдарының арқасында ғана тірі, үйтіп-бүйтіп қозғалады, бірақ алға жылжымайды, дамымайды. Бүгінгі қазақстандық бизнес – суға батып кетпеу үшін тал қармағандар. Өркендеуге олардың шамасы жоқ! Дұрыс дамыған нарықтық экономикаларда бизнестің өмір циклы да қалыпты жүреді: стартаптан, жаңа идеядан бастап қалыптасады, кемеліне келеді, жаңа технологияларды енгізеді. Ары қарай даму қарқынын жоғалтса, табыстысымен бірігеді, немесе жабылып, нарықтан кетеді. Бізде осы цикл бұзылған. Нарығымызға жаңа компаниялардың кіруі сирек, ал, ескі компаниялар нарықтан кетпейді», – деді Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында Үкімет өкілдеріне қарата.
Әшімбаевтың пікірінше, Үкімет осындай стагнацияны көбіне, икемді емес мемлекеттік қолдау есебінен ұстап тұр. Мемлекеттік қолдау өнімділігін арттыратын, өсімге ұмтылатын, инновациялық технологияларды ендіретін, яғни логикалық дамуының келесі цикліне өте алатын компанияларды демеуге бағытталуға тиіс.
Сонда ғана ел өркендейді. Онсыз «бюджеттік тендерлерге жабысып отырған, мемлекеттің субсидияларына күн көрген, шығар-шықпас жаны бар компаниялар» жаңа, жасампаз компаниялардың пайда болып, өркен жаюына мүмкіндік бермейді, барынша тосқауыл қояды.
Дүниежүзілік банк тобының сарапшылары жан-жақты зерттеуінде Қазақстан экономикасының осы және басқа да «іріңді жараларын» ашып көрсетті. Үкімет оларды емдеуге кірісе ме, әлде әрі қарай жауырды жаба тоқи ма, уақыт көрсетеді.