Тұңғыш президенттің ресми сайты домендік атауын nazarbayev.kz-ке ауыстырғаннан кейін, оның ескі домені қорғалмаған күйде қалып, оны алаяқтар иемденіп алды, деп хабарлайды Баймедиа.кз сайты Halyqstan телеграм арнасына сілтіме жасап.
Енді онда Нұрсұлтан Назарбаевтың әдеттегі фотосуреттері мен өмірбаянының орнына, онлайн-казиноны дұрыс таңдау туралы ақпарат пен «ең үздік қазақ казиносының рейтингі» ұсынылып тұр.
Қызығы сол, сайттың байланыс бөлімінде бұрынғы президенттің атағы әлі де сақталған, e-mail ретінде support@elbasy.kz көрсетілген. Сілтемені адрес жолына енгізгенде сайт ашылмай, 503 қателігін береді. Алайда Google іздеу жүйесі арқылы өткенде сайт еш қиындықсыз ашылады. Оның үстіне, сайтта порталдың қауіпсіз әрі сенімді екендігіне сендіреді.
Еске сала кетсек, осы жылдан бастап онлайн-казино жарнамасына заңмен тыйым салынған болатын. Оны бұзғаны үшін 200 мың теңгеден бастап айыппұл салынады.