Астана. 24 қыркүйек. BM.KZ – Мәжіліс «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Заң жобасын таныстырған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, келісімге мемлекет басшылары 2023 жылдың қазан айында қол қойған. Оның бастамашылары – ТМД-ға мүше елдердің қаржылық барлау бөлімшелерінің жетекшілері.
— Орталықты құруға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары бастамашылық жасады. Келісім тәуекелдерді бағалайтын халықаралық орталық құруды көздейді. Ресей тарабы оның операторы және үйлестірушісі болады. Орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істеп, ТМД елдерінің қаржылық барлау органдары арасында тиімді өзара іс-қимылды, ортақ ақпараттық ресурс құруды және тәуекелдерді ұлттықтан жоғары деңгейде бағалауды қамтамасыз етеді, — деді ол.
Сондай-ақ спикер өз сөзінде жаңа құрылымның негізгі міндеттеріне ақшаның транзиттік қозғалысын, активтердің орналасуын бақылау, сондай-ақ алаяқтық, бюджет қаржысын жымқыру, салықтық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректермен алмасу кіретінін, орталық трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін талдаумен де айналыспақ екенін айтты.
Бұл бастама ТМД мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, қаржылық барлау органдарының жедел ақпарат алмасуын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, ол заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға елеулі ықпал етпек.
