Астана. 3 қазан. BM.KZ – Алматыда өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атайтын «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариевке және Ақтоты Дүйсееваға қатысты кезекті сот процесі өтті.
Екі айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр.
Бүгін сот Ілияс Сариевтен жауап алды. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Айтуынша, қайырымдылық жасап жүріп ол науқас балалардың туыстарынан және көмекке мұқтаж отбасылардан еңбекақы алған.
– Бұрын менен қайырымдылыққа шот ашып беруді сұрағанда тегін істейтінмін. Бірақ менің де шығындарым бар: блог жүргізу, бейнетүсірілім, сапар, мобилограф қызметі, әрі өз турфирмамды ашуға қаражат қажет болды. Сондықтан шығындарды жеке қалтамнан жаба алмадым, сондықтан жәбірленушілерден ақша сұрадым, – деді сотталушы.
Прокурордың «неге қызмет үшін ақы алғандардың бейнежазбаларын жариялап, қор ашпадыңыз» деген сұрағына Ілияс Сариев парақшасында белсенділік төмендегендіктен қаралымды қайта көбейткісі келгенін және қасиетті Рамазан айын күткенін айтты.
Айыпталушы ақшаны тек қор ашуға алып, қажетті шығындарын жабуға жұмсағанын және адамдарды алдау ниеті болмағанын жеткізді.
– Иә, мен олардан ақша алдым. Бірақ жалғыз мақсатым – көмектесу еді, пайда табу немесе алдау емес. «Қазақ Робин Гуд» деген атауды маған «Сәт» мешітінің бас имамы берген. Сол есімге сай болуға тырыстым. Шамамен 70 отбасы баспаналы болды. 203 адам менің көмегіммен ұмра және қажылыққа барды. Көптеген балалар емделіп шықты, ата-аналар қуанды. Бірақ мені сотта ешкім қолдауға келмегені жанымды ауыртады, – деді айыпталушы.
