Астана. 10 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстанда отын-энергетика кешенін киберқатерлерден қорғау мақсатында арнайы ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун хабарлады.
Аталған бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынып отыр.
Вице-министрдің айтуынша, энергетика саласындағы цифрлық технологияларды енгізу өндірістік тиімділікті арттырғанымен, сонымен қатар хакерлік шабуылдардың артуына себеп болып отыр.
«Бұл өз алдына жеке маңызды сала болғандықтан, мұнда саланың ерекшелігін, онда қандай құрылғылар барын, қандай үзілістер болатынын білетін мамандар қажет. Міне, осы бағыт пен процестерді түсінетін мамандар ғана барлық маңызды энергетикалық нысандарға жаңа талаптар әзірлеуі керек», — деп атап өтті Дмитрий Мун.
Мұндай орталықтың құрылуы жылу-электр орталықтары (ЖЭО) мен басқа да энергетикалық инфрақұрылымдарды киберқауіптерден жүйелі түрде қорғауға жол ашпақ.
Айта кетейік, қазіргі таңда энергетика объектілерін цифрландыру белсенді жүргізіліп жатыр. Алайда соған параллель түрде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. Жаңа құрылатын Киберқауіпсіздік орталығы осы бағыттағы ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
