Бұл туралы Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты.
– Бірлестігіміздің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік мол екені анық. Еуразиялық экономикалық комиссияға Одақтың сыртқы контурдағы әлеуетін нығайту мақсатында жүйелі шешімдер әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа неғұрлым белсенді шығару үшін тиісті жағдай жасау қажет. Тауарды үшінші елдерге кедергісіз тасымалдау ісін қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік экономиканың трансформациясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдер желісін кеңейтудің мәні зор. Бұл экспорттаушыларымыздың жаңа нарықтарға шығуын барынша жеңілдетуге, оларды өңірлік және жаһандық өндірістік тізбектерге қосуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.