АСТАНА. 24 қыркүйек. BM.KZ – Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрамалардың санын 48-ден 64-ке дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Интерфакс.
Бұл бастаманы Оңтүстік Америка футбол конфедерациясының (КОНМЕБОЛ) президенті Алехандро Домингес ұсынған. Сарапшылардың бағалауынша, ФИФА жобаны қолдауының ықтималдығы жоғары.
Егер ұсыныс қабылданса, жаңа формат алғаш рет 2030 жылғы әлем чемпионатында қолданылады. Бұл жағдайда командалар әрқайсысы 4 құрамадан тұратын 16 топқа бөлінеді. Әр топтан екі үздік құрама плей-офф кезеңіне жолдама алып, жарысты олимпиадалық жүйе бойынша жалғастырады.
Айта кетейік, 2030 жылғы футбол чемпионаты тарихта алғаш рет бірден алты мемлекет аумағында өтеді. Ойындар үш құрлықта – Еуропа, Оңтүстік Америка және Африкада ұйымдастырылады.
1998 жылдан 2022 жылға дейінгі чемпионаттарға 32 құрама қатысып келді. Ал 2026 жылы Канада, Мексика және АҚШ-та өтетін додада алғаш рет 48 команда бақ сынамақ.
