Астана. 23 қараша. BM.KZ — Ол халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық атанды.
Дауыс беру нәтижесінде шешім бірауыздан қабылданды. Конгреске әлемнің 58 федерациясы қатысты.
Оның өкілеттік мерзімі 3 жылға созылады. Яғни, Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін.
Бүгін, 23 қарашада Италия астанасы Римде халықаралық бокс конгресі ұйымдастырылды.
Бұл шара әлемдік бокс үшін аса маңызды, себебі күн тәртібінде халықаралық World Boxing федерациясы жұмысының негізгі мәселелерінің бірі — ұйым президентін сайлау тұрды.
Уәкілетті орган 2025 жылдың қазан айында ұсынылған барлық өтінішті қарастырып, тек комиссия бекіткен үміткерлерді сайлауға қатысуға рұқсат берді.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин үміткерлердің бірі ретінде таңдалған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Бұл — Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды, — делінген құттықтауда.
