Астана. 4 ақпан. BM.KZ – Қаңтар айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 190-нан астам шетелдік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаңтар айында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері шет мемлекеттердің 193 азаматын анықтап, жауапкершілікке тартты.
Сот шешімімен 61 шетелдік азамат елімізден шығарылды. Сонымен қатар, қос азаматтығы бар 23 адам анықталып, оларға қатысты заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, Астана қаласының халықаралық әуежайында «Астана – Франкфурт» бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының азаматтығына ие бес адамнан тұратын отбасын анықтады.
Азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушылар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 302 750 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Көліктегі ПД Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа тыйым салынғанын және оның 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе әкімшілік жолмен елден шығаруға әкеп соғатынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуға негіз болатынын еске салады.
