Астана. 18 ақпан. BM.KZ — 20 жылдан астам уақыт Рендсбург қаласында клиниканы басқарған доктор Иссифи Джибей зейнетке шыққаннан кейін жұбайымен бірге Шлезвиг-Гольштейн жерінде тұрған. Бұл туралы BILD басылымы хабарлады.
Джибей туған елі – Нигерге билеуші мәртебесінде ораламын деп жоспарламаған. Ол Батыс Африкадағы ең кедей мемлекеттердің бірі саналады.
Иссифи Джибей 1970 жылы стипендия алып, Германияға келіп, медициналық білім алған. Кәсіби жетістіктерімен қатар, оның текті әулеттен шыққаны белгілі: ол ақсүйек әулеттің өкілі әрі 2023 жылы қайтыс болған бұрынғы монархтың ықтимал мұрагерлерінің бірі ретінде аталған. Өз сөзінде Джибей егер сайлауға қатысудан немесе тәжді қабылдаудан бас тартса, отбасы мұны құптамайтынын айтқан.
Нигерде мемлекеттік басқару ел астанасы – Ниамей қаласындағы орталық үкіметтің құзырында. Алайда елде дәстүрлі басқару институттары да сақталған. Шамамен 150 мың тұрғыны бар Кокору өңірінде билік ауыл ақсақалдары кеңесі сайлайтын корольдің қолында.
Сайлауға оннан астам үміткер қатысқан. Неміс БАҚ-тарының мәліметінше, кейбір қарсыластары Джибейге қоқан-лоққы көрсеткен. Соған қарамастан, ол 51 дауыстың 25-ін иеленіп, жеңіске жеткен. Осылайша бұрынғы неміс бас дәрігері Кокорудың өмір бойы қызмет атқаратын әмірі атанды.
Джибейдің айтуынша, елдегі қауіпсіздік жағдайы күрделі күйінде қалып отыр: жиһадшыл топтардың белсенділігі айтарлықтай қатер төндіреді. Сол себепті ол ел аумағында күзетпен жүруге мәжбүр.
Әмір өз миссиясын жергілікті халық пен орталық билік арасындағы байланысты нығайту деп сипаттайды. Оның салық жинауға және сот шешімдерін шығаруға құқығы бар. Сонымен қатар өңір инфрақұрылымын дамыту, ресурстарды тиімді пайдалану және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды басты мақсаттарының бірі санайды.
Сонымен бірге Джибей Германиядағы өмірінен толық бас тартпайды: ол ара-тұра Шлезвиг-Гольштейнге оралып тұруды жоспарлап отыр. Ол жоқ кезде Нигердегі міндеттерін ағасы атқарады.
Бұған дейін Нигер Ресей және Қытаймен бірге Иранға қатысты МАГАТЭ қарарына қарсы дауыс бергені хабарланған. Құжат қаруға жақын деңгейге дейін байытылған уран қоры жөнінде нақты ақпарат ұсынуға шақырады. Қарарды 35 мемлекет қолдап, 12 ел қалыс қалған.
Қазіргі таңда Нигер билігі АҚШ, Ресей және Қытаймен уран сату мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Financial Times басылымының дерегінше, ел шикізатты кез келген сатып алушыға сатуға дайын. Ниамейде шамамен мың тонна уран қоры сақталған, оның жалпы құны 240 млн долларды құрайды.
