Астана. 6 қаңтар. BM.KZ – Халыққа қызмет көрсету орталықтары Цифрлық кеңсеге айналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
— Жыл бойы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына азаматтар шамамен 15 млн рет келді. Бұл трафиктің 80 пайызы ТОП-10 мемлекеттік қызметке қатысты. Өткен жылы біз аталған қызметтерді толықтай цифрландыруды бастадық. Кейбірін қазірдің өзінде баламасыз онлайн форматқа көшірдік, — деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, осыдан кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін адамдар санының күрт төмендеуі байқалды.
— Осыған байланысты аталған орталықтар Apple Store сияқты халыққа арналған Цифрлық кеңсеге қайта ұйымдастырылады. Азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету арқылы қызмет алады. Әкімдерге тиісінше жарақтануын қамтамасыз етуді сұраймыз. Халыққа арналған жайлы Цифрлық кеңсе әкімдіктердің азаматтар үшін визит картасы саналады, — деді Жаслан Мәдиев.
