Астана. 23 қаңтар. BM.KZ – Қазақстанда автонесиелеу саласындағы қылмыстық схема әшкереленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 19 қаңтар күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге сатып отырған қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.
Тергеу барысында күдіктілердің қорғансыз азаматтарға қысым көрсетіп, қорқыту арқылы олардың атына автонесие рәсімдеткені анықталды. Сонымен қатар төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрініс қалыптастыру мақсатында азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан.
ІІМ мәліметінше, күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Кейін қымбат автокөліктер шетел аумағында сатылған.
Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тінту барысында бірнеше атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізілуде. Қылмыстық топтың негізгі алты күдіктісі қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
