Астана. 9 қаңтар. BM.KZ — Кеше Иранда Үкіметке қарсы наразылық күшейген тұста интернет өшті. Халық билік басындағы діни жүйеге қарсы ұрандатып, экономиканың нашарлығы мен күш құрылымдарының қуғын-сүргініне наразылық білдіріп жатыр.
CNN телеарнасының мәліметінше, 8 қаңтар күні кешкісін Тегеран мен басқа да ірі қалаларда көтеріліс қызған уақытта, билік интернет пен телефон байланысын үзді. Иранда екі аптадан бері наразылық жүріп жатыр.
Интернеттің бар-жоғын бақылайтын ұйым Иран билігінің осы әрекетін көтерілісті күшпен басу мақсатында жасалуы мүмкін деп бағалады.
Телеарна дерегінше, осы елдегі жүзден астам қаланың тұрғындары көшеге шыққан. Билік көтерілісті күшпен басу тактикасына тағы да жүгінді.
2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған наразылық барысында кем дегенде 45 адам мерт болды. Оның сегізі кішкентай бала. Бұл туралы IHRNGO иран құқық қорғау ұйымы хабарлады. Оның дерегінше, тағы жүздеген адам жараланып, 2 мыңнан астам адам ұсталған.
