Астана. 19 қаңтар. BM.KZ — Испанияның EFE ақпарат агенттігінің мәліметінше, елдің оңтүстігіндегі Кордова провинциясына қарасты Адамуз қаласында жантүршігерлік теміржол апаты болды. Екі жоғары жылдамдықты пойыздың рельстен шығып, соқтығысуы салдарынан кемінде 21 адам қаза тапқан. Бұл туралы Elpais.com хабарлады.
Алдын ала деректерге сәйкес, жарақат алғандар саны нақтыланып жатыр: түрлі ақпарат көздері зардап шеккендердің 25-тен 100 адамға дейін болуы мүмкін екенін айтады. БАҚ таратқан мәліметке сүйенсек, алдымен Малагадан Мадридке бағыт алған пойыз рельстен шығып, қарсы бағыттағы жолға өтіп кеткен. Сол сәтте дәл осы жолмен келе жатқан екінші пойызбен соқтығысып, нәтижесінде екі құрам да рельстен шыққан.
Оқиға орнынан түсірілген видеолардан соқтығысудан кейін кемінде бір вагон немесе локомотивтің аударылып қалғанын көруге болады. Жолаушылардың айтуынша, соққының күші жер сілкінісіндей сезілген. Бұл пікірді AFP агенттігі де келтіреді.
Алдын ала есеп бойынша, екі пойыздың бортында жалпы саны 484 жолаушы болған. Апатқа байланысты аталған учаскедегі пойыз қозғалысы толықтай тоқтатылды, құтқару және тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жағдайдың нашарлығын атап өтіп, «Келіп түсіп жатқан ақпарат өте ауыр» деп жазды.
