Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың жаңа тәртібін ұсынуда
Қазақстан 42 елмен халықаралық тасымалды жүзеге асырады. Әр елмен үкіметаралық келісімдер жасалған. 2022 жылы 155 мың рұқсат бланкісі берілді, оның ішінде тек 45%-ы ғана пайдаланылған. 2023 жылы — 270 мың рұқсат бланкі берілсе, оның 68%-ы пайдаланылған. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әлі Алтай осындай деректерді келтірді.
Оның айтуынша, қолданыстағы бланкілерді тарату әдісі ашық емес. Ол бланкілерді белгілі бір тасымалдаушылардың атына бекіту, бланкілерді бұрын жұмыс істеген автомобильдерге ғана беру сияқты қателіктерге, көлеңкелі нарықта бланкілерді қайта сату жағдайларына, қолдан тапшылық жасауға, адал тасымалдаушылардың бланкілерді ала алмауына әкеп соғады. Осыған байланысты министрлік жаңа тәртіпті ұсынып отыр.
«Жүктерді тасымалдау фактісі бойынша бланкілерді таратудың жаңа тәртібін енгізу ұсынылуда. Шетелдік қатысуы бар компанияларға қойылатын талаптар: ЖШС-ны Қазақстанда тіркеу, көліктердің барлығы қазақстандық автокөлік құралдары ретінде тіркелуге тиіс, жүргізушілердің бір бөлігі ҚР азаматтары болуы керек. Жақын арада басқа елдермен алмасатын барлық қағаз бланкілерді электрондық форматқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте бұл жұмыстар Өзбекстан Республикасымен басталды. Жақын арада Өзбекстанмен электронды бланкілермен цифрлық форматта алмасатын боламыз», — деп түсіндірді спикер.