Астана. 8 қараша. BM.KZ – Қырғи-қабақ соғыс кезеңіне тиесілі құпия есептерді 3 мың фунтқа сатып алуға болады. Бұл туралы Kazinform жазды.
Лондондағы сирек кітаптар сатумен айналысатын Peter Harrington антикварлық дүкені британ үкіметінің Орталық Азияға барған дипломаттарының 1950-жылдардың соңы мен 1960-жылдардағы сапарлары туралы ресми есептер жинағын сатылымға шығарған.
Бұл ерекше құжаттар топтамасының бағасы – 3 мың фунт стерлинг. Жинаққа бұған дейін құпия сақталған есептердің бірқатары енгізілген. Құжаттарда британ дипломаттарының кеңестік Орталық Азияны қалай қабылдағаны жөнінде тың деректер мен сол дәуірдің ерекше көрінісі қамтылған.
Мәтіндерде жергілікті тұрғындармен кездесулер мен әңгімелердің нақты, өмірден алынған эпизодтары суреттелген.
Peter Harrington дүкенінің сипаттамасына сәйкес, жинақ он машинкамен басылған есептен және 1965 жылғы маусымда Мәскеудегі британ елшілігінен Сыртқы істер министрлігіне жолданған ресми хаттан тұрады.
