Астана. 16 қыркүйек. BM.KZ — Бүгін өткен сауда-саттықта бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі үйден алынған бірнеше зат аукцион арқылы сатылды. Бұл туралы Informburo.kz жазды.
Электронды сауда алаңының деректеріне сәйкес, барлығы 5 лот сатылған. Ең қымбат лот – алтыннан жасалған, «Elizabeth II» сериясындағы номиналы 200 доллар болатын инвестициялық монета. Кенгуру бейнеленген бұл монета үшін төрт сатып алушы бәсекелесіп, бастапқы бағасы 3,2 млн теңгеден 4,3 млн теңгеге дейін өсті.
Ең арзан лот – бастапқы бағасы 22 мың теңге болған бижутерия жиынтығы. Ол 42 мың теңгеге сатылды.

Сонымен қатар саудада:
- түрлі-түсті эмальмен және сүйекпен қапталған қынаптағы қылыш – 385 мың теңгеге;
- екі кавказдық қанжар – 438 мың теңгеге;
- сары металдан жасалған қынаптағы пышақ – 155 мың теңгеге өтті.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бұл заттардың нақты кімнен алынғанын жариялаған жоқ. Алайда олардың барлығы Кәрім Мәсімовтің сарайынан тәркіленген мүлік тізіміне енгізілген.
