Астана. 18 қыркүйек. BM.KZ – Қаза тапқан жауынгердің отбасы бұл істі жеке бақылауына алуды сұрап, ел Президентіне жүгінді.
Қазақстан армиясында тағы да қайғылы жағдай тіркелді: мерзімді қызметтегі 01098 әскери бөлімінің сарбазы Дінмұхамед Шынарбек қаза тапты. Бұл туралы оның немере әпкесі Еңлік Қалтаева Instagram парақшасында жазды.
«Өткен жылдың күзінде әскер қатарына менің інім Шынарбек Даниял Талғатұлы шақырылды. Көктемде оның егізі Шынарбек Дінмұхамед Талғатұлы да ел алдындағы борышын бірге өтеу үшін (Отар) әскерге барды. Олар қатар жүріп қызмет етті, алайда ант қабылдағаннан кейін Дінмұхамедті Матибұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырып, бауырынан айырып жіберді. Ал сыңарларды бөлуге болмайды. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болды. Бүгін Шынарбек Дінмұхамед Талғатұлының асылып қалғанын хабарлады», — деп жазды марқұм сарбаздың туысы.

Оның айтуынша, Дінмұхамед Шынарбек 29 тамызда 19 жасқа толған.
«Еңбекқор, мейірімді, болашаққа деген арманы бар еді… Біз қайғыдан қан жұтып отырмыз, оның қазасын суицид дегенге сенгіміз келмейді. Біз, отбасымызбен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жүгініп, бұл істі өзінің жеке бақылауына алуын талап етеміз. Неліктен бейбіт уақытта осындай жас жігіттер қаза табады? Бізге шындық пен әділет қажет», — деп жазды ол.
01098 әскери бөлімі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылында орналасқан.
BM.KZ агенттігі әскери қызметшінің қазасына байланысты түсініктеме алу үшін Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне жүгінді.
