Жақында ғана елімізді басқан су тасқынымен жарыса жарыққа шыққан «Бишімбаев ісі» әлеуметтік желіде сұмдық жылдамдықпен талқыланды. Тіпті «Жоғарғы соттың» ютуб каналындағы парақшасын сот процессі кезінде 3 млнға жуық халық көріп отырды. Бұл аралықта мемлекетте «Отбасылық зорлық-зомбылық туралы» заң шығарып үлгерді. Оның бәрі жаңалық емес. Алайда, бар жоғы 36 жасында бір мемлекеттің экономика министріне дейін көтерілген жастың білімі мен қызметіне сүйсінбеген жан болмаған шығар. Министр болғанға дейін, Президентке кеңесші болып үлгерген жас дарынның болашағына ешкімнің күмәні жоқ еді. Алайда 2017 жылы аса ауыр көлемде «пара алды» деп сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігімен ұсталып, сотпен 10 жыл абақтыға кесілген Қуандық екі жылдан соң бостандыққа шығып үлгерді. Айтпағымыз ел білетін мәлімет емес. Біріншіден, жастарды өте ерте министр, министрдің орынбасары, әкім немесе әкімнің орынбасары қызметтеріне ерте тағайындау қаншалықты дұрыс? Кеңес Одағы кезінде ауылдан бастап, сонау министрлікке дейін сан тәжірбиеден өтіп барып орналасатын қызмет қазір ойыншыққа айналып кеткен сияқты. Аузынан ана сүті кеппеген жап-жас бала 400-500 мың халқы бар облысқа орынбасар, мемлекеттің бір тұтқасы салалық министрлікті басқарып отырады. Жақсы, қабілеті жетіп, қарымы болса басқарсын. Бірақ қызмет мәңгілік емес қой. Бір-екі жылдан кейін оны қызметінен алып тастайды. Одан кейіңгі тағдыры не болады? Кешегі сайлауда кеңірдегін жыртып жүріп, Мәжіліске депутат болған Мәди Ахметов қайда? 26 жасында обылс әкімінің орынбасары болған Шыңғыс Мұқан қайда? Бишимбаев Қуандық та шетелден оқып келе салысымен жоғары қызметтерде еңбек етіп кетті. Үш университеттің ректоры болған әкесінің таныстығы ма?. Әлде Қызылорда облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы болған, полковник атасының аруағы қолдады ма?. Неде болса жас жігіттердің жалындап тұрған шағында билік тізгінін ұстап, оның шыңына жеткен соң ары қарай қызметтен кеткеннен кейіңгі өмірі жайлы мемлекеттің толғана бермейтіні қызық. Сондықтан да бұл салада әлі ойланатын мәселе көп сияқты. Сол шетелден білімі асып, тасып келген жастарды алдымен ауылға, одан соң бір екі жыл ауданға, бірнеше жылдай облыста түрлі салада ұстап, тәжірбие жинақтап, толықан кезінде министрлік деңгейіне көтерген дұрыс сияқты. Мысалға, Жапонияда 2007 жылы қабылданған мемлекеттік қызмет туралы құжатында «мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке дейін» деген бөлім бар. Демек, мемлекетке қызметке келген адам, жемқорлық т.б бәлеге ұрынбай, өз қызметін адал атқарып жүрсе, зейнеткерлікке дейін оның қызметсіз қалмауын тікелей бақылайды деген сөз. Біздегі үрдіс қандай? Жалындаған жас шағыңды мемлекетке бересің. Адал еңбек етесің. Қызметтен кеткен күні мемлекетке қажет емес боп қаласың. Яғни, мемлекет қызметкерлерін ары қарай еңбекпен қамту жұмыстарымен айналыспайды. Ал қолы жеткені бизнеске кетеді. Жетпегені жекеменшік секторда қызмет етеді немесе такси айдап, отбасының қамын ойлап, амалсыз алған білімі мен тәжірбиесін жоғалтады. Екінші үлкен мәселенің бірі мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік-психологиялық жағына ешкім басын ауыртпайды. Мысалға, Бишимбаевтың сырт көзге білімді азамат көрінгенімен, шын мәнінде тиран екендігін, оның үш рет үйленіп тастаған азамат екенін сот барысында білмесе, үнсіз қалар еді. Ал Жапонияда отбасын құрмаған немесе ажырасқан адамдарды мемлекеттік қызметке алмайды. Себебі «Отан отбасынан басталады» демекші, өзінің шағын отанын құра алмай немесе отанын сақтай алмаған адам «Ұлы Отанында» қызмет істей алмайды деген сөз. Тіпті бізде министр тағында отырып тұрмыс құрмаған немесе ажырасып жүрген азаматтар мен азаматшаларда бар. Олар қоғамға, жастарға қандай тәрбие береді? Сондықтан да мемлекеттік қызметке қабылдар кезде оның отбасылық жағдайы мен психологиялық қабілетіне ерекше мән беру керек сияқты. Қандай да бір әдіспен психологиялық қатаң тексеруден өткен соң ғана мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін ойлап тапқан дұрыс. Түптің түбінде біз осыған бәрібір келеміз. Кеше ғана Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшінің кеңесшісі де әйелін «ұрғыш» батырлардың қатарынан екенін көрсетті. Әлемжелі әлі шулап жүр. Мұның барлығын мемлекеттік қызметкердің теолриялық білім болғанымен ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, ана тілін, ата тарихын меңгермегендігінің кесірі деп білемін.
Үшінші маңызды мәселенің бірі, «Ескі Қазақстан» кетіп, «Жаңа Қазақстан» құрылғалы бері мемлекеттік қызметте де жөн-жосықсыз жасы үлкен, тәжірбиелі азаматтардың барлығын бұрыңғы еңбегін ескерместен жұмыстан шығарып жіберу немесе жұмысқа қабылдамау сынды үрдіс пайда болады. Биліктің оның басқару жүйесінің ауысуына оның қандай кінәсі бар? Отыз жылдан астам уақытын экология саласына арнап, мемлекеттік қызметтің жілігін шағып, майын ішкен ағамыз неге қайта шақырылмайды? Маман жетіспейді дейді. Жетіспей тұрған орынға осындай азаматтар келіп, өзінің білімімімен неге жастармен бөлісуіне мүмкіндік берілмейді?
Ал мемлекеттік қызмет саласындағы трайбализм, достық, таныстық арқылы және жоғарыдағы «көкелер» арқылы қызметке келу үрдісі өршімесе басылған жоқ. Мемлекеттің болашағы әрқайсымыздың қолында. Отаныма қызмет етпеймін дейтін адам болмайды. Тек мемлекет оған мүмкіндік беріп, қолдай білу керек. Кезінде қаһарлы Сталин көкеміз «кадры решают все» деген екен. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құрып жатқан заманда әрбір маман жас болсын, жасамыс болсын ауадай қажет. Әрқайсының өз саласында еңбек етіп, еліміздің дамуына үлесін қосуына мүмкіндік берген жөн деп есептеймін.
Асылбек Байжұмаұлы