✍️ Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды деп хабарлайды телеграмдағы Ақорданың баспасөз қызметі.
Ең алдымен елге айтар қуанышты хабарымыз, енді бұдан былай Заң бойынша МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕГЕНДЕР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ БОЛА АЛМАЙДЫ!
ҚР Парламенті Мәжілісі қабылдаған Заң бойынша:
✔️Қарапайым деңгейде Мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз болады.
Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын бұл талап этникалық қазақтарға қолданылмайды.
“Ақ жол” демократиялық партиясы парламентте талай жылдан бері көтеріп келе жатқан мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғаудағы маңызы өте зор бұл Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын талапты заңға енгізген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса.
“Заңға “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕГЕНДЕР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ БОЛА АЛМАЙДЫ!”-деген ұсыныс енгізіп, ол қабылданғанына қатты қуанып отырмыз. Бұл мемлекеттік-ұлттық мүддені қорғаудағы үлкен бетбұрыс!
Заң жобасын талқылауда еліміз үшін мәні зор бұл ұсынысымызды ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама комитеті мүшелері бастаған депутаттар бір ауыздан қолдады.
Кең байтақ жер көлемі әлемде 9-шы орын алатын, халқының саны аз, айналасын алып елдер қоршаған Тәуелсіз мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздігі үшін Азаматтық алуда Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру зор қорған болары анық.
Бұдан басқа да қандастарымыз және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар үшін тиімді көптеген ұсыныстарымыз да заңға енді.”-дейді депутат Қазыбек Иса.
Атап айтқанда:
✔️Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын адамдар үшін шаруа немесе фермер қожалығына жер учаскелерін беру көзделген;
✔️қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсету көзделген;
✔️Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізілген;
Сонымен қатар Заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер көзделген.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Азамат Тасқараұлы,
“ҚАЗАҚ ҮНІ”