Астана. 29 қыркүйек. BM.KZ – Мичиган штатындағы Гранд-Бланк қаласында шіркеу ішінде атыс болып, артынан өрт шықты. Қайғылы оқиға салдарынан 4 адам мерт болып, кемінде 8 адам жараланды, деп хабарлайды Aljazeera.
Полиция қарулы қылмыскерді оқиға орнында атып өлтірді. Тергеу барысында оның көршілес Бертон қаласының 40 жастағы тұрғыны Томас Джейкоб Санфорд екені анықталды.
Гранд-Бланк полициясының басшысы Уильям Регниердің айтуынша, күдіктінің үйінде тінту жүргізіліп, телефон жазбалары қылмыстың себебін анықтау үшін қаралуда.
Ресми деректерге сәйкес, оқ жаудырғаннан кейін Санфорд шіркеуді бензинмен өртеп жіберген. Бұл туралы Детройттағы алкоголь, темекі, атыс қаруы және жарылғыш заттар бюросының арнайы агенті Джеймс Даре хабарлады.
Оқиғаға байланысты АҚШ құқық қорғау органдары жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр.
