Қайырымдылық қорларының айналасындағы дауға қатысты заңгер, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек пікір білдірді, деп хабарлайды Баймедиа.кз сн.кз сілтеме жасап.
«Ниеті дұрыс емес адамдар жеке бас пайдасы үшін қор ашып, халыққа арзан үйлер алып беріп, қымбат үй сыйлап жатқандай көрсететін болған. Бұл дабыл қағатын дүние. Өйткені халыққа пайдасын тигізіп жатыр ма террористерді қаржылай қамтамасыз етіп жатыр ма белгісіз. Себебі мұның есебі, сұрауы болмағаннан кейін осындай жағдайлар орын алып жатыр. Қорларды бұрыннан-ақ тексеру керек еді. Тіпті қорларды ашқызуға тыйым салу керек”, – дейді президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек.
Айгүл Орынбек халық әр тиынның есебін сұраған кезде ғана жағдайдың түзелетінін айтты.
«Барлық қорларды жабу керек. Тіпті әкімдік тарапынан ашып алып, арам ақшаны да қорларға аударып жатқандар бар. Тек қана мемлекеттің бақылауындағы қорларға ғана ақша аударыңыздар. Ал адамдарды қызықтыру арқылы біреудің қайғысын көрсетіп жатқандарға күмәнмен қарау керек. Халық әрбір тиынның есебін сұрауы қажет”, – дейді ол.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық белгілі қоғам белсенділері «Асар-Уме» қайырымдылық қорының жұмысына күмән келтірген еді.
Сонымен қатар, ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін хабарлаған болатынбыз.