Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосындағы бүгінгі кадрлық өзгерістер қоғамда қызу талқылануда. BM.KZ тілшісіне сұхбат берген саясаттанушы Жанерке Қайратқызы қазіргі ауыс-түйістің негізгі мақсаты – министрліктің жұмысын мемлекет мүддесіне сай тиімді ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта жаңа тағайындаулар жалғасуы әбден мүмкін.
— Нақты қандай жағдай түрткі болғанын айту мүмкін емес, дегенмен, сыртқы істер саласындағы кадрлық өзгерістерге қатысты журналистер мен сарапшылар арасында Президенттің АҚШ сапарының кейбір тұстары көңілінен шықпады деген түрлі болжамдар айтылып жатыр. Бұл өзгерістердің себептері туралы нақты ақпарат жоқ болғанымен, дипломатиялық қызметкерлер мен жалпы мемлекеттің лауазымды тұлғаларының тиімділігі, сондай-ақ мемлекет мүддесіне сәйкес жұмыс істеу мәселесі әрдайым басты назарда болатыны сөзсіз. Мұндай кадрлық ауыс-түйістер көбінесе елдің стратегиялық бағыттарына және халықаралық аренадағы жағдайларға байланысты жүзеге асырылады, — деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Президент жоғары деңгейдегі дипломат ретінде әрбір мәселеге үлкен ұстамдылықпен қарайды және эмоцияға беріліп шешім қабылдамайды.
— Жалпы жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды мәселелер алдын ала екі тараптың жауапты өкілдерімен егжей-тегжейлі талқыланып, кейін Президенттер осы келісімдерді бекітеді. Сондықтан, сапарға дайындық кезеңі өте маңызды, оның ішінде талқыланатын мәселелерді алдын ала пысықтау, кездесулердің жоспары мен протокол қызметі барлық тараптар үшін түсінікті әрі үйлесімді болуын қамтамасыз етеді. Мұндай дайындық көп уақыт бұрын басталып, делегация мүшелерінің құрамынан бастап, әрбір кездесудің мақсаты мен мазмұнына дейін мұқият жоспарланады., — деді ол.
Сондай-ақ сарапшы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық саясат парадигмасын қалыптастыруды және жоғары технологиялық салаларға сапалы инвестиция тартуды негізгі бағыт ретінде белгілегенін еске салды.
— АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мәселесі де осы сапардың маңызды тұсы болды. Президент, сондай-ақ, АҚШ-тың ірі компанияларының басшыларымен және олардың ықпалды өкілдерімен кездескен кезде екі ел үшін де тиімді әрі өзара пайдалы келісімдер жасау қажеттігін атап өтті. Сол себепті осы бағыттағы жауапты мемлекеттік қызметкерлер жаңа инвестициялық, экономикалық парадигмада ойлай білуі, нақты шешімдер ұсына алуы қажет, — деді Жанерке Қайратқызы.
Еске салсақ, жыл басында президент: «Экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр», деген болатын.
— Бүгін ротацияға ұшыраған лауазымды тұлғалар тікелей экономикалық мәселелерге жауапты болмаса да, ел мүддесі тұрғысынан тиімді келісімдерге саяси және дипломатиялық негіздеме даярлауға жауапты. Инвестиция тарту, экономиканы нығайту, жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері бөлек сала болғанымен біртұтас мемлекеттің саясатын қалыптастырады. Сондықтан әр саладағы басшылар өз міндеттерін жоғары деңгейде орындауы тиіс. Осылайша, қазіргі кадрлық ауыс-түйістер мемлекет мүддесіне сай жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асып жатыр және алды әлі де орын алуы мүмкін деп ойлаймын, — деп түйіндеді саясаттанушы.
Ербол Тұрымбет,
Астана
BM.KZ
