Астана. 8 тамыз. BM.KZ – Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, интернет арқылы Қазақстан аумағында заңмен тыйым салынған бейнематериалдарды дайындап, таратқан қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Бұл топ «модельдік агенттік» деген атаумен еліміздің 10-нан астам қаласында, соның ішінде Өскеменде де вебкам-студиялар ашып, ашық трансляциялар жүргізіп отырған. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа тартып, айына 2 млн теңгеге дейін табыс табатынын уәде еткен. Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, ұйымдастырушылар 1 млрд теңгеден астам кіріс тапқаны анықталды.
Тінту кезінде 120-дан астам компьютер, веб-камера, жарықтандыру құрылғылары және басқа да техникалар тәркіленді. Қазір бұл іске қатысы бар 14 адам ұсталды. Олардың арасында осы бизнесті ұйымдастырған негізгі тұлғалар да бар. Тергеу аяқталуға жақын.
