Шағын және орта бизнесті дамыту барлық моноқалалар үшін өзекті, тек осындай іс-шаралар жұмыс орындары бойынша ірі кәсіпорындарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр мәлімдеді. Қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Әкімдіктер компаниялармен бірге осындай жобаларды жан-жақты пысықтап, кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауға тиіс. Мысалы, оңтайлы тәсілдер Саран мен Текеліге моноқалалар тізімінен шығуға мүмкіндік берді.
«Өнеркәсіп министрлігі Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Саран қаласының үлгісі бойынша осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құруы қажет. Кейін бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек», — деп тапсырды Премьер-Министр.