Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері балалардың құқықтарын қорғауға арналған заңнамадағы жаңашылдықтар туралы айтты
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан атап өткендей, қазіргі уақытта Парламентте екі маңызды заң жобасы қаралуда: білім беру және бала құқықтарын қорғау, сондай-ақ әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы.
«Бірінші заң жобасы аясында Үкімет елімізде жаңа құрылым – кәсіби отбасы институтын енгізуді ұсынды. Біз үшін балалардың өз отбасыларында өсіп, тәрбиеленуі өте маңызды», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобасы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың көптеген түрлерін қатаңдататын, сондай-ақ балалар ортасындағы жағымсыз құбылыстардың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормаларды қамтиды.
«Білім беру ұйымдарында балаларды мектепішілік есепке алуды жүргізу міндеті енгізіледі. Мектепішілік есеп жоғары педагогикалық зейінді талап ететін балаларға көмектесу үшін қажет. Сондай-ақ, заң жобасында әкімдердің психологиялық қолдау орталықтарын ашу бойынша құзыреті бекітіледі», – деді Еділ Оспан.
Қазіргі уақытта психологиялық қолдау орталықтары еліміздің 11 өңірінде құрылды. Жыл соңына дейін басқа облыстарда ашылады.