Астана. 24 қаңтар. BM.KZ — Оқу-ағарту және Қорғаныс министрліктері бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған әскери-патриоттық бағыттағы оқу-жаттығу жиындарын бірлесіп өткізу жөнінде ортақ шешім қабылдады.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Шара елімізде жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайтуға және әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі түрде дамытуды көздейді.
Аталған бастама қос министрлік басшыларының қатысуымен өткен ведомствоаралық кездесуде мақұлданды. Кездесу барысында әскери-патриоттық тәрбиені мектеп қабырғасынан бастап кешенді түрде қалыптастыру, жасөспірімдердің азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жоба пилоттық форматта Жамбыл, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылады. Сол әскери жиындардың нәтижелеріне қарай, бұл бастама кезең-кезеңімен еліміздің өзге өңірлеріне де енгізілмек.
