Астана. 15 қаңтар. BM.KZ — Орал қаласындағы Зашаған кентінде жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам жарақат алды.
Оқиға С.Айтқұлов пен Жәңгір хан көшелерінің қиылысында 14 қаңтар күні орын алған.
Екі жүк көлігі мен Volkswagen және Hyundai Tucson жеңіл көліктері түйіскен.
БҚО жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Серік Орынбасаровтың мәлім еткеніндей, Құс фабрикасы ауданында жол апаты болғаны жөнінде сағат 12.14-те шақыру түскен.
— Жедел жәрдем бригадалары зардап шеккен 5 адамға шұғыл медициналық көмек көрсетті. Олар түрлі жарақаттармен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Біреуі ауруханаға жатудан бас тартты, — деді С.Орынбасаров.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, көмекке құтқарушылар да барған.
Олар автокөлікке қысылып қалған екі адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырған.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
