Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде 2024 жыл басталғалы 162 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 75 мың адам пайдаланды.
Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.