Астана. 30 қазан. BM.KZ — Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик Париж мастерс турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Айтулы доданың 13-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 32-орында тұрған франциялық Корентен Мутемен ойнады.
Қарсыластар бұған дейін үш рет кездесіп, бәрінде Бублик басым түскен болатын. Биыл наурызда АҚШ-тағы Финикс челленджер жарысының ширек финалында Бублик камбэк жасап, 2:6, 7:6 (7:4), 7:5 есебімен жеңген еді. Сол матчта теннисшілер бір-бірімен сөзге келіп, шекісіп қала жаздаған болатын.
Осы айда К.Муте Алматы ATP 250 турнирінің финалына дейін жетіп, онда ресейлік Даниил Медведевке 5:7, 6:4, 3:6 есебімен есе жіберді.
Бұл жолы Парижде жанкүйерлер жергілікті спортшыны қолдап отырды. Оның үстіне Бубликтің алғашқы айналымдағы ойыннан кейін аустралиялық Алексей Попыринге қол бермеуі отқа май құя түскендей еді. Сондай-ақ К.Муте бәсеке алдында А.Бубликті үйіне қайтарамын деп мәлімдеген болатын.
Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте Бублик брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:3.
Тартысты өрбіген екінші сетте есеп 5:5 болғанда, А.Бублик брейкке қол жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 7:5.
Қазақстандық теннисші сабырлы ойын өрнегін көрсете білді. Ал Муте эмоцияға бой алдырып, ракеткасын лақтырып, төрешіден ескерту де алды.
Бір сағат 36 минутқа созылған бәсекеде Бублик 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Муте 3 эйс жасағанымен, 1 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Тейлор Фрицпен таласады.
Өткен жылы А.Бублик Парижде екінші айналымнан аса алмаса, биыл сол көрсеткішін жақсартты. Қазіргі кезде ол ATP Live рейтингісінде 15-орынға көтеріліп тұр.
