Бұрынғы семсерлесу сайысының төрешісі Маркус Шульц Халықаралық семсерлесу федерациясын Францияда өтіп жатқан Олимпиада ойындары кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады, деп хабарлайды Баймедиа.кз Championat.com сайтына сілтеме жасап.
Шульцтің айтуынша, бұрынғы жаттықтырушысы оған Париж олимпиададасында өз шәкірті жеңіске жетуі үшін €5 мың мөлшерінде сыйақы ұсынған. Сондай-ақ Олимпиадаға төреші ретінде іріктеуден өтуге уәде берілгенін айтты.
«Сол сәтте менің әлемім құрдымға ұшырағандай болды. Бұған сене алмадым. Әрине, мен оған «жоқ» деп кесіп айттым. Сол кезде ол маған: «Аңқау болма. Өзінше жақсы адам болуға тырысып жатырсың ба? Осындай тәсілдерді қолданбасаң, ешқашан шыңға жете алмайсың, олар саған ешқашан мүмкіндік бермейді. Сен не бізбен бірге ойнайсың, не бізге қарсы тұрасың» деген еді.
Олимпиадалық жүйе алаяқтық жасауға бағытталған, өйткені онда семсерлесу сайысы ғана бүкіл әлемнің назарын аудара алады. Міне, мәселе осында. Сондықтан аталған сайыс түрінде алаяқтық пен қулық көп» дейді Шульц өз сөзінде.