Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Павлодар облысында тұрмыстық қалдықтарды көму лимитін бұзған кәсіпорынға 28 миллиард теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Табиғатты қорғау прокуратурасы жүргізген талдау барысында экологиялық заңнаманың талаптары орындалмағаны анықталған.
Тексеру нәтижесінде экологтар «ЭкоАлем-ПВ» ЖШС-нің қызметінде тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру көлемінің белгіленген лимиттен асқаны анықталды.
Аталған дерек бойынша компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 6-бөлігіне сәйкес жауапқа тартылды.
— Бұл баптың санкциясы қалдықтарды көму төлемінің ставкасына қатысты он мың пайыз мөлшерінде, яғни белгіленген лимиттен тыс жиналған немесе көмілген қалдықтар көлеміне сәйкес айыппұл салуды көздейді. Нәтижесінде айыппұл сомасы 28,4 миллиард теңге болды, — делінген хабарламада.
Апелляциялық саты алғашқы инстанция сотының кәсіпорынды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулысын өзгеріссіз қалдырды.
