Астана. 25 желтоқсан. BM.KZ – Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселесіне арналған кеңесте елорда әкімі Жеңіс Қасымбекті мақтады.
– Ақыры, менің не қалайтынымды, не талап ететінімді түсінетін адамды таптым. Бұған дейін, ондай түсіністік болған жоқ, – деді Президент.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елорда заманауи урбанистиканың үлгісіне айналып келе жатқанын, қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалғанын атап өтті. Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған.
– Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек, – деді Тоқаев.
